Түркіменстан мен Иран газ дауын халықаралық арбитажды сотта шешпек – деп хабарлайды «Бейтарап Түркіменстан» газеті.

Аталмыш жағдайға байланысты «Түркімен газ» мемлекеттік компаниясының төрағасы Мырат Арчаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Біз Иран тарапымен газ дауына байланысты қандай да бір келісімге келе алмадық. Олар бұл мәселені шешу үшін халықаралық арбитаждық сотқа жүгінуді ұсынды» - деген. Осыдан кейін Түркіменстан басшысы Құрбанғұлы Бердімұхамедов Иран тарапының ұсынысын қабыл алып, ел үкіметіне халықаралық сотқа шағымдану үшін тиісті құжаттарды дайындауға тапсырма берген.

Түркіменстан мен Иран арасындағы газ дауы 2007-2008 жылдар аралығында басталған болатын. Дәл осы жылдары Иран тарапы қыстың қатты болуына байланысты Түркіменстаннан алатын газ көлемін арттыруға мәжбүр болған. Бірақ Түркіменстан Иранға қосымша газды бірнеше есе қымбат бағамен сатқан. Олар келісім бойынша, 2008 жылға дейін 1000 куб метр газды 40 доллардан саудалап келген. Алайда Ирандағы қыстың қатты болуын пайдаланып, көгілдір отын бағасын 40 доллардан, 360 долларға бірақ қымбаттатқан. Осыдан кейін Иран тарапы Түркіменстанға 2 миллиард доллар қарыз болып қалған. Иран президенті Хасан Рухани әкімшілігінің сөзінше, ел үкіметі Түркіменстан алдындағы соңғы үш жылдағы барлық қарыздарын төлеп біткен. Ал оның алдындағы қарыздар өзге президенттің кезіндегі қарыздар болғандықтан оны қайта қарау керек.

Негізінен Иранда көгілдір отынға өте бай мемлекет. Бірақ оның табиғи газ қорының барлығы елдің оңтүстігінде орналасқан. Сол себепті олар 1997 жылдан бері солтүстік провинцияларын Түркіменстан газымен қамтамасыз етіп отыр.

“The Qazaq Times”