Маңғыстау облысындағы Құрық портынан Баку портына алғашқы 1 млн тонна жүк өткізу шарасы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы, Әзірбайжан кеме қатынасы компаниясының өкілі және Құрық портының еңбеккерлері мен мыңнан аса белсенді жас қатысты.

Шарада Құрық портының бас директоры М. Сақтағанов мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның Каспий теңізіндегі порттарды кеңейту, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың шараларына тоқталды.

Ресми мәліметтер бойынша порттағы бір миллион тонна жүктің 548 мың тоннасы экспортқа шығарылды. Импорттық жүктер 452 мың тоннаны құрап отыр. Тағы бір тиімді тұсы аталмыш инфрақұрылымдар теңіз маңындағы қозғалысты төрт сағатқа жеделдетеді. Мәселен, Баку мен Құрық арасындағы пароммен жүру уақыты 18 сағатты құрайды. Ал, Ақтаудан Бакуге 22 сағат жібереді.

Маңғыстау жерінен жөнелтілген жүк Әзірбайжан, Грузия порттары арқылы Еуропаға қарай жол тартады. Құрық паром кешенімен қазақстандық астық, көмір, мұнай өнімдері, тыңайтқыш, химиялық өнімдер, транзиттік жүктер, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан шыққан жүктер экспортқа шығарылады

“The Qazaq Times”