Facebook Messenger басшысы Дэвид Маркустың сөзінше,  кейбір "ресейлік агенттер" аталған мессенжерді 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауына ықпал ету үшін пайдаланған болуы мүмкін. 

Алайда ол қосымша сайлауға ықпал ету үшін қалай пайдаланылғаны туралы айтпаған.

"Біз бұл платформаның  сайлауда қалай пайдаланылғанын анықтап жатырмыз. Біз осы мәселе бойынша Конгреспен бірлесіп жұмыс істеп отырмыз, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Біз не болғанын анықтаймыз, алдағы уақытта  осындай жағдайлардың алдын-алу үшін жүйені жақсартатын боламыз", - деді Маркус The Wall Street Journal басылымындағы мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, Маркустың сөзінше, АҚШ сайлауына ықпал етуге әрекеттенген Facebook-тағы 470  аккаунттың біразы Messenger қосымшасын пайдаланған болуы мүмкін. Бұдан бұрын Facebook компаниясы АҚШ сайлауына ықпал етуі мүмкін деген 3 мыңға жуық ресейлік жарнама  хабарламаларын АҚШ конгресінің Өкілдер палатасының барлау комитетіне жіберген.

Айта кетейік, қазіргі уақытта АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауына ресейліктердің араласқан-араласпағанын анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

“The Qazaq Times”