Алматыда «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен шағын футболдан дәстүрлі «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирі өтеді. Биылғы кубок белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойына және Алаш Орда қозғалысының 100 жылдығына арналып отыр. 

Шағын футболдан өтетін халықаралық турнирдің мақсаты –  Қазақ әдебиеті ғылымына өлшеусіз үлес қосқан зерделі ғалым, қазақ әдебиеті сынының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтың еңбегі мен өнегелі өмірін жастарға үлгі ету. Сондай-ақ, шетелде тұратын қазақ жастарына Тәуелсіз қазақ елінің  тыныс-тіршілігін таныстыру, спорттық ойын арқылы атажұртымен мәдени-рухани байланысын нығайтуды мақсат етеді. .

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев  Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында әлемдегі барша қазақтың бекем бірлігі туралы айтқан еді. Елбасы бұл тақырыпты «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да терең қозғаған болатын. Осы орайда, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мемлекет басшысысы атап көрсеткен маңызды бағыттарға үн қосуды көздейді.

«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының «ER JANIBEK CUP» турнирі  - биыл ІІІ рет өткізілгелі отыр. 24 команда бақ сынайтын жарыстың жүлде қоры - 2 миллион теңге. Дүниежүзі қазақ жастарын шақырған футбол турниріне Франция, Түркия, Қытай, Ресей (Омбы, Саратов қалаларынан), Моңғолия, Иран, Өзбекстан және Қырғызстанда тұратын қазақ жастарынан құралған футбол командалары қатысады. Сонымен қатар, Алматы мен Астана қалаларынан және еліміздің әр облысынан келетін спортшылар ойын көрсетеді.

Турнирге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қолдау көрсетіп отыр. Турнир кезінде шағын этноауыл тігіліп, қолөнер көрмесі өтеді.

Өтетін орны: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт кешені.

Уақыты: 21-22 қазан 2017 жыл.

Турнирдің ашылуы:  21 қазан 2017ж. 10:00-де.

Жеңімпаздарды марапаттау: 22 қазан 2017 ж. 17:00-де.

Байланыс телефоны: +7 702-121-21-51,+ 7 702-566-00-10.

“The Qazaq Times”