Еуроодақ  - Еуропа мемлекеттерінің тең дәрежелі сауда байланыстары мен кез келген мәселе төңірегіндегі мызғымас беріктігін көрсеткенімен, оның құрамындағы барлық мемлекеттердің ықпалы бірдей еместігін білеміз. Еуроодақ экономикасының үлкен бөлігін алып, саяси шешімдер қабылдауды өз ықпалын еркін жүргізетін сондай елдердің көшін Германия бастап тұр. "Біріншіге қарап соңындағылар бет түзейді" деген қағида барын тағы да білеміз. Ендеше  Германия бірінші болуға лайық па, соны талдап көрейік. 

  1. Германиядағы жұмыссыздық  Еуроодақ бойынша ең төменгі деңгейде. Салыстыру үшін: жұмыссыздық деңгейі Испанияда - 18.2 %, Италияда - 11.5 %, Францияда - 9.5 %, Ұлыбританияда - 4.5 %, ал Германияда - 4 %.
  2. Еуропадағы орташа айлық көрсеткіші Германияда ең жоғары саналады. Мәселен, адамдар орта есеппен, Испанияда 27,520 $, Италияда 31,590 $, ал Германияда 43,660 $ табады.
  3. Жалақы теңсіздігі Германияда өзге көрші мемлекеттермен салыстырғанда төмен. Мысалы, бұл көрсеткіш Испанияда - 0.34, Францияда 0.30, ал Германияда 0.29.
  4. Сондай-ақ Германия өзге Еуропа мемлекеттеріне қарағанда босқындарды көп қабылдаған. 2017 жылдың қаңтар-маусым аралығында елге қабылданған босқындар саны келесідей: Испания - 8.987, Ұлыбритания - 10.643, Франция - 36.149, Германия - 91.209.
  5. Соңғы кездері Германия Жаһандық терроризм индексінде 8 орынға көтеріліп, 41-ге тұрақтады. Қауіп-қатер деңгейінің артуы 2015 жылы 41 адам, 2016 жылы 22 адам мерт болған террактілермен байланысты. Германияда 1 жылда 3 мың 500 қоғамдық тәртіп бұзушылықтар болып, 560 адам жараланған. Мұндай келеңсіздіктер көбіне босқындармен байланысты болатындықтан, Германияда биылғы  федералды сайлауда Ангела Меркельдің босқындар саясатын қатаң сынаған Alternative for Germany партиясының елеулі дауыс жинады.
  6. Германия қоршаған ортаны қорғау туралы көп бастамалардың авторы болғанымен, көмірқышқыл газының өндірісі бойынша алдыңғы қатардағы ел. Елдің көмір қышқыл газының өндірісі индексі - 9,4. Бұл Еуропадағы ең жоғарғы көрсеткіш.
  7. Баламалы энергия көздерінен алынатын энергия бүкіл қуат көзінің 15 пайызын құрайды. Жаңартылған энергия көздерін пайдалану бойынша Германия Еуропаның өзге елдерінен қалыс қалып отыр. Өйткені барлық көрсеткіштер бойынша Германиядан артта қалып келген Италияда альтернативті энергия 17.5 пайыз.

“The Qazaq Times”