«Зиялы қауымсыз жүрер жолымыз даңғыл бола алмайды. Зиялысы келіспей ел оңбайды. Сондықтан бүгінгі қазақ зиялылары өзіне заман жүктеп отырған ұлы міндетті яғни елдің тәрбиешісі, ұрпақтың ағартушысы, ұлттың жоқшысы, қамқоры, халықтың жетекшісі, келешектің барлаушысы болу парызын орындауға тиіс». Өзіндей зиялы қауымға осылай деп өсиет айтқан әдебиет тарихшысы, ғұлама ғалым Тұрсынбек Кәкішевке биыл 90 жыл. Ол қазақ әдебиетінің сынын саналы ұрпаққа жазып қалдырып, Алаш арыстарын қазаққа танытты. Ал осындай шығармашыл адам өмірде, отбасында қандай адам болды? Назарларыңызға Тұрсынбек Кәкішевтің жары Күләш Ахметпен болған сұхбатты ұсынамыз. 

- Сіз көп жылдар бойы университет қабырғасында ағаймен бірге қызмет атқардыңыз. Жұмыс барысында ағайдың сізге көмегі көп болды ма, әлде сіздің қолғабысыңыз тиді ме?

- Әрине, Тұрсекеңнің маған тиген көмегі көп. Біріншіден, атының өзі жетіп жатыр. Екіншіден, мамандық бір, зерттеу объекті бір. Ол деген сөз кез келген тақырып бойынша сағаттап сөйлеуге, пікірлесуге мүмкіндік бар. Оның үстіне ол кісінің есте сақтау қабілеті өте мықты болатын. Сондықтан үлкенді-кіші жиында қағазға жазып алып оқығанын не біреулер сияқты «шпаркалкіге» сығалап сөйлегенін ешкім көрген емес. Тіпті телевидение, радионың тікелей эфиріне дайындықсыз-ақ, аяқ астынан шыға беретін. Мұндай қасиет телегей теңіз білімнің белгісі. Менің қолғабысымның себі де тиген шығар десек, ол – Тұрсекеңнің күтімі. Ол кез келген отбасында әйелдің атқаруға тиіс негізгі міндеті. Оны тіпті сөз етуге де тұрмайды.

- Қазақ әдебиетінің алтын діңгегі тәрізді әдебиет сынының тарихын зерттеуде және оқытуда ағайдың өзі тірі тарих еді, сіз сол ойсырап тұрған орынды толтыруға аз да болса үлес қосамын деп ойлайсыз ба?

- Тұрсекеңнің қоғамдағы да, ғылымдағы да орнын ешкім ешуақытта, соның ішінде мен де толтыра алмаймыз. Бізде ғылыми атақ алғандар көп. Бірақ өзіңіз айтып отырған «тірі тарих» миллионнан біреу деп ойлаймын. Сонда есебіне жете беріңіз. Тұрсекеңнің білімдарлығы, өз тұстастарынан ерекшелігі, тіпті артықшылығы.

Тұрсынбек Кәкішев жеке кабинетінде.

 - Ағай өмірінің соңына дейін жұмыстан қол үзбей, ұрпаққа бойымдағыны беріп кетсем деп, күні-түні еңбек еткенін білеміз. Ал сол асыл мұрасын шәкірттері қаншалықты бағалады?

- Тұрсекеңнің соңына қалдырған асыл мұрасы орны-орнымен ертелі-кеш бағаланады, бағаланып та жатыр. 90 жылдық мерейтойының өтейін деп отырғаны айтуға ғана оңай. Осы шараның басы қасында қанша азаматтар жүгіріп, еңбектенуде. Не болмаса былтыр Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадан Тұрсынбек Кәкішев атындағы «Ғалым залы» ашылды. Оның да басы қасында қанша шәкірті кезекті демалысында демалмастан тер төкті. Бәрі де негізінен ел, халық танитын азаматтар, мүйізі қарағайдай профессорлар. Аты-жөндерін атар едім, өздері о бастан «атамаңыз, ағайға қандай қызмет етсек те жарасады» деген өтініштерімен айтпай отырмын. Бұл жағынан рекламаны қаламайтыны ұстаздарына тартқан. Бұл да мәдениеттіліктің белгісі. Ерте ме, кеш пе, еңбектерін елеп, аты-жөндерін атайтын еңбек алда.

 - Сіз ағайды ойлай бастағанда ең алдымен есіңізге қандай қасиеттері түседі?

- Әрине, жарқын бейнесі, тау тұлғасы, әдемі қалжыңы. Кез келген тақырыпта көсілетін терең білімі. Сарқылмаған шешендігі. Сол айнымай кеткен асыл қасиеттерінің көлеңкесін менің қасымда қазық етіп қағып кеткен сияқты. Мен солай сезінемін. Ол менің күнделікті тірлігіме үлкен қуат, жігер-қайрат береді.

Тұрсынбек Кәкішев жары Күләш Ахметпен бірге.

 - Сізге ұстаз ретіндегі Тұрсынбек Кәкішев жақын болды ма, әлде жар ретіндегі Тұрсынбек Кәкішев жақын болды ма?

- Әрине, жар ретіндегі Кәкішев жақын. Себебі жұтатын ауаң бір, ішетін суың бір, тататын дәмің бір, жүретін жолың бір. Екеуміз ғана отырып ішкен шайдың өзі 2-3 сағатқа созылғанын аңғармай да қалатынбыз. Сонда алаңсыз шәй іше бермейміз ғой. Оның үстіне ол кісі тамаққа кірпияз болмаса да, асты өте аз ішетін. Ал ұстаздығы мен ғұламалығын аңғармау, не естен шығарып алу мүмкін емес еді. Қарапайым тіршілігіміздің өзінде ол кісінің зиялы кейіпі төгіліп тұратын.

 - Ағайдың 90 жылдығы қарсаңында қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?

- 15 тамызда туған күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өз атына ашылған «Ғалым залында» «Ғалым, ұстаз, қайраткер» деген тақырыпта  кітапхана ұжымының ұйымдастырумен аталып өтті. Соның бәрін ұйымдастырып, қадағалап отырған кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызына алғысым шексіз. Жиынға Астана қаласындағы ақын-жазушылар, ғалымдар, депутаттар, Көкшетаудан арнайы келген делегация, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов жөн-жоралғысымен арнайы келіп қатысты. Соңынан Әскен Нәбиев ағаның баласы, меценат Марат Нәбиев Тұрсынбек ағасының құрметіне арнайы дастархан жайды.

«Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Жеңіс Түркия бастаған топ, Қазақ қауымдастығы және Алматы әкімдігімен бірлесе отырып Тұрсынбек Кәкішев атындағы кубоктан шетелдегі қандастарымызға сауын айтып, 21-22 қазан күндері жарыс өткізбекші. Оның сыртында құран бағыштап, ас бермекші.

23 қазан күні сағат 10:00-де ҚазҰУ-дың филология факультетінде Тұрсынбек Кәкішев атындағы аудитория ашылады. Осы күні 11:00-де конференция. 17:00-де Мұхтар Әуезов атындағы театрда салтанатты жиналыс.

Алматыдағы Сәбит Мұқанов мұражайы да 15 тамыздан бері дайындық үстінде. Мұражай директоры, белгілі ақын Әділғазы Қайырбеков «Сәбит сабағының» бірін Тұрсекеңе арнайтынын хабарлады.

Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайы да Тұрсекеңді еске алу шарасын өткізеді.

Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға» сериясымен Тұрсекең туралы әдеби-ғылыми ғұмырбаян жарық көріп қалар.

«Ер Жәнібек» халықаралық қорының жанынан бір рет шығатын «ER JANIBEK CUP» журналының Тұрсекеңе арналуы да көңілге қуаныш.

Алматы, Астана, Көкшетау және тағы басқа қалалардағы республикалық кітапханаларда «Тұрсынбек Кәкішев – 90 жаста» деген тақырыппен көрмелердің ашылғанына үшінші ай.

 - Ағай екеуіңіздің араңыздағы жас айырмашылығы үлкен болды. Сіз соған қарамастан осындай жауапты қадам жасадыңыз. Өзіңізді алға жетелеген қандай сезім? Сол күннен бастап өміріңіз ізденіс пен жауапкершілікке толы болды деп ойлаймын.

- Иә, жас айырмашылығы өте үлкен - 31 жас. Мені алға жетелеген - Тұрсекеңнің ғалым ретінде өте тазалығы. Пенде ретінде де азаматтық қырының өте жоғары екенін бағалағандықтан. Ол кісіде менен де басқа кандидатуралар болды. Сондықтан маған ең бірінші келген ой - мен бұл кісіге тұрмысқа шықсам қиындықтың боларын да сездім. Ал бетін қайтарып ол кісі басқа біреуге үйленіп, үйленген кісісі үлкен кісінің қадір-қасиетініне жетпей жатса «мен болсам сөйтер едім, бүйтер едім» деудің реті келмейді. Ол Тұрсекеңе дейінгі талай тұлғалардың да басында болған іс. Көбісі екінші жарларынан бақ таппаған, яғни қайта қайта үйленуге тура келген. Сондықтан алдыңғы ағалары, замандастары, інілері сияқты ел алдындағы жауапты іске қор болуға қимағандықтан осындай ауыр іске бел будым. Ал ізденіс дегенде үй шаруасына қиналған жайым жоқ. Мен ауылда өстім. Менің анам өте ақылды кісі болатын. Қыз баланы «сырт адамы» деген тәртіппен қай-қайсымызды да шаруаға сайыс етіп тәрбиеледі. Сол еңбектің рахатын әсіресе Тұрсекең көрді деп есептеймін. Ал Тұрсекеңнің ортасы өте үлкен, әртүрлі және кең болды. Есептей беріңіз: Сәбит Мұқановтың үйіндегі Мәриям апа бастаған жеңгелері – бір деңіз. Замандастары Серік аға Қирабаев пен Әлия апай бастаған құрдастары – екі деңіз. Жазушылар одағы – үш деңіз. КазГУ ұжымы – төрт деңіз. Тұрсекеңнің маңайында шәкірт достары өте көп болды. Шәкір Ыбыраев пен Қарлығаш, Құлбек Ергөбеков пен Баян, Баянғали мен Әлия, Серік Негимовтер бастаған шәкірт достары – бес деңіз. Шеттегі Қытай, Монғолия, Ресей, Иран, тіпті Еуропа сапарларынан танысқан, табысқан жаңа достары алты деңіз. Облыстардағы тамыр таныстары – жеті деңіз. Құда-жекжаттары – сегіз деңіз. Бірге туған, алыс-жақын бауырлары – тоғыз деңіз. Осылай-осылай кете береді. Тіпті балаларының өзімен қарым-қатынасты бір санаққа қосатын болсаңыз, онда – он.

 - Сізге дейін ағайдың отбасылы болғаны белгілі. Сіз ағайдың қиын сәттерінде кездесіп, өмірлік жолдасы болдыңыз. Осы ісіңізді ол кісінің балалары қалай қабылдады? Әрине, барлығы есейген азаматтар ғой, сонда да... Ол кісілермен арадағы терең туысқандық сүйіспеншілікті сезіне аласыз ба?

- Тұрсекең маған ұсынысты ойламаған жерден жасады. Бұрынғы жолдасын да танитынмын. Себебі ғылыми жұмысымның орындалу барысында келіп-кетіп жүргенде көретінмін. Ол кісі 1994 жылы дүниеден озды. Марқұм, жақсы кісі болатын. Сол 1994 жылы Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Халық кеңесі» газетінде менің «Сәкен және Алаш азаматтары» деген мақалам шықты. Осы мақаламнан кейін ол кісі маған көп шәкіртінің бірі емес, басқаша ойлы көзбен қарай бастады. Бұл мақаланың жазылу себебі өз алдына бөлек әңгіме. Ал балаларына келер болсақ, олармен алдын ала келіскен, сөйлескен. Олар алғашында қарсы да болмады, бірақ «ақылмандардың» әсері де болмай қалмады. Мұндай сәтте бір жақ уступкіге бармаса, эгоизмін жеңбесе, теке-тірестен ештеңе өнбейді. Негізігнен уступкіге мен бардым деуге болады. Уақыт өте келе кімнің кім екенін өздері де түсінді. Қазір жақсымыз. Ал біз қосылғаннан кейін Тұрсекең бұрынғы жүріс-тұрысынан қалған емес, яғни шығармашылығынан, жолсапарларынан, жиын-тойлардан қалған жоқ. Бұрынғы ортасынан да қол үзбегенін жоғарыда айтып өттім ғой. Ал балаларымен сүйіспеншілік мәселесінде ұлы Дәурен ақкөңіл, ашық, жақсы азамат еді. Тұрсекеңнен бұрын қайтыс болып кетті. Ал қыздары Гүлзада, Нұрзада, келіні Гүлжан, барлық немерелері, шөберелерімен бірлесіп атқарар, тойлайтын, кездесетін, араласатын сәттеріміз өте көп. Тұрсекеңе қатысты шаруалардың барлығынан хабардар етіп отырамын. Кейде бірлесіп те атқарамыз. Біздің бәріміз де өмірдегі, ғылымдағы, қоғамдағы Тұрсынбек Кәкішевтің орнын жақсы білеміз. Халық таныған елі елеген Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішев бір ғана отбасының «меншігі» емес. Бүкіл іштегі, сырттағы қазаққа ортақ қой деп ойлаймыз!

Нұрбәтима Байтұрсын

“The Qazaq Times”