Қазақстанда бензин бағасы Ресейден импортталатын бензин көлеміне байланысты реттелуі мүмкін. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз Өнімдері" компаниясының дамыту жөніндегі басқарма директоры Бақытжан Тасанбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде "ҚазМұнайГаз" жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің литрі 157 теңгеден сатылып жатыр.

"Бағаны реттеу қазақстандық және ресейлік өнімдердің нақты көлеміне  байланысты болуы мүмкін. Баға қазақстандық және ресейлік бағаларға, сондай-ақ олардың жеткізу балансына тәуелді. Бағаның шарықтау шегін мен нақты айта алмаймын, бірақ тым "аспандап" кетпейді деп ойлаймын. Қысқа мерзімде баға өсімі болады", - деді ол.

Сондай-ақ, Тасанбаев АИ-92 маркалы бензиннің бағасы осы аптада тұрақталатынын атап өтті.

"Астанада өнім еркін сатылып жатыр. АИ-92 маркалы бензиннен 2 мың тоннадай қор бар. Ресейден 2 мың тонна көлемінде бензин импортталды, тағы 800 тоннасы жолда. Ал жалпы Қазақстанға келер болсақ, 20 мың тонна АИ-92 маркалы бензин жолда келеді. Қазіргі уақытта зауыттардың біреуі жөндеуден өтіп жатқанын ескерсек және импорт қажет болғандықтан 45 мың тонна ресейлік бензинді әкелуге келісімшарт жасастық, оны жеткізу осы аптада жүзеге асады", - деді Тасанбаев.

“The Qazaq Times”