БҰҰ Бангладештің 800 мыңға жуық Рохинджа мұсылмандарына арнап, әлемдегі ең үлкен босқындар лагерін салу туралы жоспары қауіпті екенін айтты. Бүкіләлемдік ұйым бұл әртүрлі қауіпті індеттердің тез таралуына қолайлы жағдай тудырады деп қауіптенеді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Мьянмада 25 тамызда басталған қантөгістерден бас сауғалап келген жарты миллионнан артық Рохинджа мұсылмандары Бангладештегі босқындар мәселесін ушықтыра түскен болатын. БҰҰ гуманитарлық көмекті жолға қойып, Бангладешке қолдау көрсетуге уәде берген.

Кокс Базарға жақын маңдағы Кутупалонг мекенінде құрылысы жоспарланған босқындар лагері 1,2 га аумақты алып жатыр. Ол 300 мыңға жуық босқындарға пана болып отырған Угандадағы Биди Биди және Кениядағы Дадааб лагерьлерін жолда қалдырып, әлемдегі ең үлкен босқындар лагері болуы мүмкін.

БҰҰ-ның Дакадағы координаторы Роберт Уоткинс осыншама көп адамды бір орынға жинаудың жұқпалы аурулардың тез таралуына айтарлық ықпал ететінін айтады. Ол: "Бір лагерьге қарағанда, осындай бірнеше баспаналарға бөлу халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасын бақылауға үлкен септігін тигізеді", - деген пікір білдірді. БҰҰ өкілінің айтуынша, қазірдің өзінде 331 мың Рохинджа мұсылманы өздеріне баспана құрып үлгерген.

Осыдан бұрын Бангладеш Рохинджа мұсылмандарын өзге аралға көшіру туралы бастама көтеріп еді. Дегенмен рохинджалық мұсылмандар адам өміріне үлкен қауіп төндіретін циклондардың болуы себебінен Башан Чар аралына көшуден бас тартты.

Осы аптада Бангладеш күніне 4000-5000 адам шекара асып келіп жатқанын хабарлады. Сарапшылар тағы 100 мың мұсылман Бирмада Бангладеш жағалауына жол тарту кезегін күтіп отыр деген болжам жасайды.

“The Qazaq Times”