2017 жылдың қаңтар-маусым айында Қазақстанға туристік мақсатта 3,6 млн адам келген. Осылайша саяхаттаушылардың келу көрсеткіші алдыңғы екі жылмен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткішке ие болып отыр. Мысалы бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда биыл келген туристер саны 20,5%-ға өскен немесе 605,9 мың адамға артық. Мұндай мәліметтерді finprom.kz агенттігі келтіріп отыр.

Еске салайық, мұндай жоғарғы көрсеткіш 2013 жылдың қаңтар-маусым айында тіркеліп, туристердің саны 22,2%-ға өскен еді. Ал 2015-2016 жылдары бастапқыда 7%-ға, кейін 1,2%-ға төмендеп кеткен.

Елге келетін туристер санының артуы қонақүй-мейрамхана секторына оң әсер етті. Алты айдың ішінде Қазақстандағы хостелдер, қонақүйлер, санаторий, курорттарға 416,2 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,7%-ға артық.

Сондай-ақ, Қазақстанға жеке мақсаттармен  (+35,9%) және іскерлік мақсатпен келгендердің де (+27,5%) саны өскен. Ескеретін жайт, шетелдік қонақтардың көбі бизнес туризм үшін келген, ал 2015-2016 жылдары туристердің өз еркімен  елге келуі айтарлықтай қысқарған.

Сонымен шетелдік туристер арқылы Қазақстандағы 17 курортты зонаның 12-сі танымалдыққа ие болды. Мысалы туристердің қызығушылығын арттырған ең танымал орын Қарқаралы курорты. Алғашқы алты айда мұнда келушілер саны 7,7 мың адамға артып, 16,6 мыңға жетті.

Сондай-ақ, Зерендіде демалушылар саны 5,5 мыңға көбейіп, 14,5 мың адамға жетсе, Алматы маңындағы демалыс орындарына келушілердің саны 5,3 мыңға өсіп, 55 мың адамға дейін көбейді.

“The Qazaq Times”