Қазақстан Қытайға жіберілетін газ тасымалы мен экспортын жылына 100 млрд кубға жеткізбек. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Энергетиканы бақылау және инвестиция жөніндегі конференцияда "ҚазТрансГаз" компаниясының қайта құру және дамыту жөніндегі бас директорының орынбасары Ерқанат Темірханов мәлімдеді.

"Біз Қытайға газ тасымалы мен экспортын жылына 100 млрд кубқа, тіпті одан да көп мөлшерге жеткізгіміз келеді. Қазіргі кезде Қытай тарабына 10 млрд куб газды еркін жеткізе аламыз. Өзбекстан, Түркіменстан және Ресеймен тығыз жұмыс істеп жатырмыз", - деді ол.

Енді компания жоспарды орындау бойынша  Жамбыл облысындағы Амангелді газ кен орнын пайдаланбақ.

"Ірі газ сақтайтын орын ретінде "Амангелдігазды" пайдалану жобасын дайындап жатырмыз. Өзімізде бар қуат жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан бізге оңтүстіктен газ сақтау орны керек", - деді Ерқанат Темірханов.

Қазақстан табиғи шикізаттарды жеткізу бойынша алдыңғы елдер қатарында. Алайда мұнай-газ экспорты жақсы болғанмен, бұл экономика өсіміне айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Мұның басты себебі - Қазақстанда шикізатты өңдеу ошақтарының аз болуы. Шикізат өндіріледі, алайда оны өңдеу орындары болмағандықтан, мемлекет басқа елдерде өңделген өз өнімін қымбатқа сатып алуға мәжбүр.

“The Qazaq Times”