Германияда Парламент сайлауы басталды. Бүгін таңғы 8-00 мен кешкі 18-00 аралығында Германиядағы кәмелеттік жасқа толған 61,5 млн адам алдағы төрт жыл бойы Бундестагта (Германияның Ұлттық Парламенті) отыратын партиялар мен мемлекеттің бас канцлерін таңдайды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Германияның  Үкімет басшысы лауазымына негізгі тартыс 2005 жылдан бері осыған дейін үш мерзім қатарынан канцлер болған, Христиан Демократиялық партиясының мүшесі Ангела Меркель мен Социал-Демократтар партиясының өкілі Мартин Шульздың арасында болады. Ангела Меркельдің төртінші рет қайта жеңіске жететініне деген сенім басым болғанымен, 2015 жылы оның Еуроодақ елдерінің шекарасын босқындарға ашу туралы шешімі жергілікті халықтың наразылығын тудырып, саяси беделіне нұқсан келтіргені жасырын емес.

Мартин Шульз сайлауалды кампаниясында Ангела Меркельдің саясатын қатаң сынаған ең басты қарсыластардың бірі. Бұрын ЕуроПарламентті басқарған азаматтан үміт күтетіндер де аз емес.

Жоғарыда аталған екі кандидаттан бөлек, Исламға қарсы Германия Альтернативасы (anti-Islam Alternative for Germany) партиясы ұсынған Алиса Вейдель мен Александр Гауланд бар.

Сайлауға Германия канцлері болуға үміткер төрт азаматтың Бундестагтағы жоғары үлес салмаққа ие партияларынан бөлек, Солшылдар (Die Linke (the Left)), Жасылдар (the Greens), Еркін Демократтар (the Free Democrats (FDP)) қатысады.

“The Qazaq Times”