Индонезиядағы Бали аралының Агунг жанартауының атқылау қаупі тіркелді. Зерттеушілер жер асты толқулары тіркелгенін және магма (қоймалжың ыстық сұйықтық) жанартау кратерінің бетіне көтеріліп келе жатқанын айтады. Бұл туралы BBС ақпараттық агенттігі жазды. 

Қазірдің өзінде жанартауға жақын аумақта тұратын 10 мыңға жуық адам өзге жерлерге орналастырылды. Жергілікті тұрғындар мен туристерге жанартауға 9 км-ден ары жақындауға тыйым салынды. 1963 жылы жанартаудың оянған кезінде 1 мың адам қаза тапқан болатын.

Жанартаудың болу ықтималдылығы туралы жорамалдар 1963 жылғы апатты жағдайдың белгілеріне қарап жасалған. Жанартауға жақын маңды мекендейтін бір тұрғын жер асты толқуларының саны жиілеп кеткенінен қауіптеніп, балаларын алып, уақытша құрылған лагерьге тұрақтағанын айтады. Жанартау атқылауы мүмкін екенін айғақтайтын тағы бір белгі - кратерден ұшатын улы газды түтін.

Қазір Балидің Денпасар әуежайы қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Бірақ Индонезияның Сыртқы Істер министрлігі туристерге жанартау атқылаған жағдайда әуе тасымал қызметі тоқталуы және рейстер кейінге шегерілуі мүмкін екенін ескертеді.

Индонезияда қазір 130-ға жуық белсенді жанартаулар бар. Бұл оның Тынық мұхитындағы жанартау атқылауы  мен жер сілкінісіне бейім "От сақинасы" аймағында орналасуына байланысты.

“The Qazaq Times”