Алматы облысындағы Көксу қант зауытына автокеруенмен алғашқы қант қызылшасы әкелінді. Қапшағай қаласының шаруалары бірінші болып  50 тоннадан астам қант қызылшасын жеткізді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішовтың сөзінше,  соңғы үш жылда қант қызылшасының алқабы едәуір ұлғайтылған. Өткен жылы Алматы облысының қызылшашылары 6,4 мың гектарға тәтті түбір өсірсе, биылғы жылы бұл дақыл алқабының көлемі 9 мың гектарға жетіп отыр.

Қапшағайдан жеткен автокеруенге келетін болсақ, ол «Есен-Аман» шаруа қожалығынан әкелінген. Қожалық биылғы жылы қызылша өсірумен алғаш рет айналысып, 20 гектар жерге дақыл сепкен.

Аталмыш қожалық іскерлік қатынас орнатқан «Агро Қант» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС көлік тасымалы жағынан жәрдемдескен. Оның басшысы Гүлжәмилә Бекиеваның айтуынша, қапшағайлық қызылшашылар биыл мол өнім жинауды межелеп отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл Қапшағай қаласында 570 гектарға қант қызылшасы себілген. Гектарына 350-400 центнерден өнім жинау жоспарланғанымен, бүгінгі күні шаурашылықтар гектарына 600 центнерге дейін өнім алып отыр екен.

Айта кетейік, Қазақстан қанты үлесі аз болса да Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Ресей елдеріне экспортталады. Алайда осы айда Ресейдің ауыл шаруашылық министрлігі отандық қант өндірісіне қолдау білдіру үшін Қазақстан мен Беларусь қантының импортын шектеуді ұсынған еді.

“The Qazaq Times”