Түрік басшысы Режеп Тайып Ердоған Ирактағы Күрд Автономиясының тәуелсіздік алу референдумына қарсылығын БҰҰ Бас Ассамблеясының жиналысында, әлем басшылары арасында да айтып өтті. Ол "бұл қадам өңірдегі жаңа қақтығыстардың бар екенін білдіреді" деп ескертті. Бұл туралы сол елдің «Түрік Теле-Радио» қызметінің ресми сайты жазды.

Түрік басшысы БҰҰ-нің кезекті жиналысында күрд жасақтарынан құралған PKK бөлшектеуші террорлық ұйымның Сүрия жерінде де күш алып келе жатқанын, ондағы халықтардың демографиясына жоспарлы түрде өзгертулер жасап жатқанын айтып өтті. Ердоған сөзінде: «Егер біз ДАИШ-ке қарсы күресті жүйелі түрде жүргізбесек, онда екінші бір ДАИШ пайда болады», - деді.

Түркия президенті көршілес Сүрия еліндегі соғыс жағдайын да сөз етті. «Алты жылдан бері соғыс қасіретін көрген Сүрия халқын, бүкіл әлем жалғыз қалдырса да Түркия өзінің саяси және гуманитарлық көмегінен бас тартпайды. Қазір Түркияны 3 млн сүриялық және 200 мың ирак азаматы паналап отыр. Оларға 30 млрд АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетілді. Алайда, Еуропа Одағы өзінің уәде еткен гуманитарлық көмегін әлі де жеткізіп бермеді», – деді ол.

Сондай-ақ, Ердоған Катар дағдарысына ара ағайындықты жалғастыратынын атап өтті. Жиналыста Мьянма мұсылмандарына жасалған қырғынды да тілге тиек етіп, Халықаралық қауымдастықтың бұл мәселеде жауапкершілік танытпай қалғанын да сынға алды. Сөзінің соңында ол аймақтарда болып жатқан қақтығыстарға қарата: «Көзіміздің реңі әр түрлі болғанымен, одан аққан жасымыздың реңі бірдей», – деді.

“The Qazaq Times”