"Астана" халықарылық қаржы орталығының төрағасы, БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайрат Келімбетов Әзербайжанның Халықаралық банкіндегі зейнетақы қаржысына қатысты жағдайдың қалай болып жатқаны туралы айтты.

Ол Үкімет үйінде болған баспасөз конференциясында аталған банктің БЖЗҚ алдындағы қарызын қайта құрылымдау бойынша келіссөздер аяқталғанын мәлімдеді.

"Бұл келіссөздер қайта құрылымдау келісімімен аяқталды. 250 млн доллар көлеміндегі қарыз көлемі сақталды. Пайыздық мөлшерлеме төмендетілді, есесіне халықаралық банктің қағаздары елдің қаржы министрлігінің еурооблигацияларына ауыстырылды. Яғни Әзербайжан тарапынан бағалы қағаздар жүз пайызға кепілденген. Құжаттар 15 жылға берілді және инвестицияның табысты болуына кепілдік береді. Барлық процесс 1 қыркүйек күні аяқталды", - деді Келімбетов.

Сондай-ақ, ол банктегі зейнетақы қаражаты толық қайтарылатынын еске салды.

"Қаржы толық көлемде қайтарылады. Бұдан бұрын бұл қағаздардың мерзімі 10 жыл болса, енді 15 жылға ұзартылды. Алайда бұл қағаздар үнемі кіріс алып келеді. Бұдан бөлек 40 млн доллар облигацияларды сатып алу түрінде төленді. Сондықтан жағдай қалыпты және уайымдауға еш негіз болмау керек", - деді ол.

Айта кетейік, мамыр айында  қазақстандық экономистер тарапынан Әзербайжан халықаралық банкіне зейнетақы қорының 71,3 млрд теңгесі инвестицияланғаны туралы ақпарат тараған еді. Осыдан кейін 23 мамыр күні Әзербайжан банкі кредиторлар алдындағы борышты құрылымдаудың үш нұсқасын ұсынған. Олар ұсынған үш нұсқа төмендегідей:

  • Біріншісі - ӘХБ-тің 250 млн доллар қарызын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары түрінде 200 млн АҚШ доллар етіп, 12 жылда 5,125 пайыз мөлшерлемемен қайтару.
  • Екіншісі - 250 млн доллар қарызды Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 15 жылда 3,5 пайыздық мөлшерлемемен қайтару.
  • Үшіншісі - 250 млн АҚШ долларын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 7 жылда 3,5 пайыздық үстемемен 250 млн АҚШ доллар етіп қайтару.

“The Qazaq Times”