Ирак Жоғары соты Күрдістан автономиясының тәуелсіздігі туралы референдумды тоқтатуға бұйрық берген еді. Бір ғана Ирак үкіметі емес, көршілес Иран, Түркия, сондай-ақ, АҚШ пен Ұлыбритания және БҰҰ-ның да қарсылығына ұшыраған бұл референдум 25 қыркүйекке, яғни келесі аптаның басында өткізіледі деп белгіленген. BBC сайтының жазуынша, Ирактағы Күрд Автономиясының билігі белгіленген уақытта референдумды өткізе беретіндіктерін айтқан.

Ирак және өзге қарсы көзқарастағы елдер аталған референдум Ирактың орнықтылығына кері әсер етеді деп қарайды. Алайда, күрдтер әлемде тәуелсіздік үшін көп күрескен ұлттардың қатарында танылған. Бұл жолы белгіленген референдумға қатысатын аймақтар мен қолдаушылар санының көптігі, Ирак үкіметіне үлкен қарсылық болып отыр.

Бағдат пен Күрд автономиясының билігі арасындағы басты қайшылықтардың бірі – Ирактағы мұнайға бай аймақтардың рефеоендумға қатысатын аймақтар қатарында болуы. Референдум нәтижесінің қандай болатыны туралы нақты болжам жасау қиын. Оның үстіне дауыс беру нәтижесі қалай болса да бұл референдумның заңдық негізі жоқ болып саналады. Әрі Ирактан бөлініп шығудың нақты механизмдері де болған емес.

Күрд Автономиясының басшылары референдумнан бас тартпайтынын білдірді. Қарсы тұрған елдер мен БҰҰ да күрдтердің референдумды тоқтатуына жетерлік қысым жасап отырған жоқ. Айталық, Түркия жақ бұл қадамды айыптаса да, мұнай экспорты үшін шекарасын жаба салмайды. Иран мен Ирак үкіметтері де күрдтерге күшті тосқауыл жасаудан алаңдайды. Оның бір себебі ретінде күрд жасағы күшті әскери жаттығулардан өткен. Бұл алдағы уақытта Ирак немесе Иран үкіметіне кедергі болмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Ирак үкіметінің Күрд автономиясының дербестік алу референдумына жеткілікті қысым жасамауына мына бір мәселені де себеп деп көрсетуге болады. Айталық, соңғы кездері Батыс елдерінің ұлттардың дербестігіне қолдау көрсетуі арқасында, күрдтер жылдан жылға күшейіп, тұрақты әскери күші қалыптасқан ұлтқа айналды. Тіпті, күндердің күнінде Ирак Күрдістан автономиясына тәуелсіздік беруі де мүмкін деген сөздер көп рет айтыла бастады. Соған байланысты Ирак үкіметі түбі бір ел болмайтын осы аймақтағы мұнайлы өлкелерді өзіне алып қалуды ғана ойлап отырған болуы да мүмкін. Бұл реткі референдумға күшті қарсылық көрсетпей, тек заң жүзінде негізсіз екенін ғана айтатынының бір себебі осы болса керек.

“The Qazaq Times”