ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі шетел азаматтарының еңбек етуіне рұқсат берудің үш түрін ұсынды және біртіндеп мигранттарды ұлттық кадрларға алмастыру жұмыстарын қолға алмақ. Министр Тамара Дүйсенова үкімет отырысында 2017-2021 жылдарға арналған ҚР миграциялық саясаты жөніндегі концепцияны таныстыру кезінде осылай деді.

Осылайша ол шетелдік мамандардың еңбек етуі үшін рұқсат берудің төмендегідей үш түрін ұсынды: 

  • біріншісі, біліктігі төмен шетелдік жұмысшылардың уақытша жұмыс істеуіне бір жылға рұқсат беру. Бұл олардың келуін азайтады. Сондай-ақ жеке тұлғалардың қолында жұмыс істейтін шетелдік жұмысшылар мен еңбек мигранттарына қатысты болады;
  • Рұқсат берудің екінші түрі білікті шетелдік жұмысшылардың үш жылға дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Олар мемлекет үшін маңызы бар жобаларға қатысады. Қазіргі кезде бұл рұқсат түрі жыл сайын ұзарту арқылы бір жылға беріліп жүр;
  • Ал рұқсаттың үшінші түрін ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру үшін кәсіби қызметі бар білікті шетелдік қызметкерлерге беру. Бұл 2017 жылы енгізілген анықтама жүйесі. Концепция аясында осы анықтамалардың жарамды мерзімін үш айдан үш жылға дейін созу ұсынылып отыр. Жұмысшының біліктілігіне қатысты берілген анықтама үш жылға дейін жарамды болады және сол анықтама арқылы үш жыл ішінде Қазақстанда жұмысқа орналаса алады.

Тамара Дүйсенова бұл шаралар шетел мамандарын ұлттық кадрлармен алмастыру үшін жалпыұлттық біліктілікті арттыру бағдарламасының іске асырылуымен бірге жүретінін атап өтті.

“The Qazaq Times”