Қазақстанда алтын құймаларды сату бағдарламасы басталғалы бері тұрғындар салмағы 10-нан 100 грамға дейінгі 900 құйма сатып алған. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Алматыда өткен баспасөз мәслихатында бағалы металды қайта сатудың еш қиындығы жоқ екенін айтқан. Оның сөзінше, банктер оларды бірден сатып алады. Тәжірибе көрсеткендей, алтын құймалар – жинаған ақшаны инфляциядан қорғаудың сенімді құралы.

Бұдан бұрын Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер арқылы қазақстандықтарға 17 килограмм немесе 699 алтын құймасын сатқан болатын.

Бас банкирдің сөзіне сенсек, Қазақстандағы инфляция деңгейі Ұлттық банк белгілеген 6-8% көлемінен аспаған. Тауарлардың бағасы жыл басынан бері 3,9%-ға қымбаттаған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 5,4% болыпты. Қаржы реттеушісінің болжамы бойынша, инфляция деңгейі келесі жылы 5-7% аралығында сақталады.

Сондай-ақ, журналистердің сұрақтарына жауап берген Данияр Ақышев криптовалютаны реттеу мәселесіне қатысты да өз пікірін білдірді.

"Қазір біз бақылаушы позициясын ұстанып отырмыз. Егер сіздер бұл криптовалютаны қазақстандық нарықта емес, айталық, көрші бір елден сатып алатын болсаңыз, онда бұл мәселені реттеу қиын болады", - деді Данияр Ақышев.

Айта кетейік, Қазақстанда маусым айынан бастап тазартылған алтынды сатып алу бағдарламасы іске қосылды. Екінші деңгейлі банктерден 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын құймаларын сатып алуға болады.

“The Qazaq Times”