Ұлттық экономика министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасына қатысты доллар курсын 340 теңге мөлшерлемесімен белгіледі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Үкімет отырысының нәтижесі бойынша өткізілген баспасөз конференциясында министр ұлттық валютаның нарықтағы бағасы өзгеріп кетуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

"Теңге бағамын біз есептеу мақсатында белгілейміз. Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық банк теңге курсын бақыламайды, ол толыққанды еркін айналымда. Сондықтан оған қатысты болжам жасау да қиын. Осыған байланысты біз болжанған теңге курсын негізге аламыз. Алайда бұл валюта нарығында да курс осындай болады деген сөз емес", - деді ол.

Сондай-ақ, экономика министрі есептелген курс тек қана бюджет параметрлерін есептеу кезінде ғана пайдаланылатынын атап өтті.

"Әдетте ол (теңге курсы - ред.) нарықта қалыптасқан курспен сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан біз бұл мәселені қадағалауға және қажет болған жағдайда бюджетті түзетуге дайын боламыз", - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін 2017 жылға арналған бюджетте доллар курсы 330 теңгемен белгіленгені хабарланған.

“The Qazaq Times”