Жуырда Дональд Трамп АҚШ-тың Ауғанстандағы саясатын айқындайтын стратегияны жариялады. Оған сәйкес, әлемді алаңдатқан басты сауалға жауап табылды: АҚШ әскерлері Ауғанстандағы соғысқа қатысуын жалғастыратын болды. Олардың қатарын жеңіске жеткенше күресетін жаңа америкалық әскерилер толықтырады. Ал Американың бұл қадамын қолдағандар мен  қарсылық білдіргендер кімдер? Енді осыған тоқталайық. 

АҚШ әскерінің Ауғаныстандағы тұрақтылықты сақтау үшін күресін жалғастыратынын бірінші болып қолдағандар: НАТО, Ауғанстан билігі, Үндістан, Ұлыбритания. Қарсы тарапта пікір білдіргендер: Қытай, Ресей, Пәкістан.

Ауғанстан билігі

Ауғаныстанның Президенті Ашраф Ғани Дональд Трамптың шешімін жылы қабылдап, "Бұл Американың үнемі бізбен бірге екенін көрсетеді. Ауғанстан жерінде америкалық әскерилердің санының артуы біздің тезірек жеңіске жетіп, бейбітшілік орнатуымызға көмектеседі", - деді.

Пәкістан 

Пәкістанның Сыртқы істер министрі Хваджа Мұхаммед Асиф Дональд Трамптың "Пәкістан терроризмді қаржыландырып отыр" деген айыптауын жоққа шығарып, наразылық білдірді.

НАТО

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери қуатын арттыру туралы ойын қолдап: "Біздің мақсатымыз Ауғанстанды енді ешқашан террористердің ошағына айналмайтындай ету", - деді. НАТО-ның бірлескен коалициясы Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылын тоқтатқан 2015 жылдың қаңтарынан кейін де, әріптес мемлекеттер одағы жергілікті биліктің әскери күштеріне кеңес беру, оқыту жұмыстарын жүргізіп отыр.

Үндістан 

Үндістанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Ауғанстандағы мәселелерді шешудегі батыл қадамдары мен террористердің бас сауғалайтын мекендеріне айналған мемлекеттердің қолдауын тоқтатуға қатысты талабын орынды деп тапты.

Қытай

Қытай өзінің әріптесі Пәкістанды қорғап, оның терроризмге қарсы күреске қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ауғанстандағы жағдайдың жақсара түсетініне үміт артқан Қытай Үкіметі Дональд Трамптың стратегиясына қатысты ашық қарсылық айтқан жоқ.

Ресей

Ресейдің "Интерфакс" ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу АҚШ-тың жаңа стратегиясы Ауғаныстанды бейбітшілікке жеткізеді дегенге үлкен күмәнмен қарайды.

“The Qazaq Times”