Қазақстан мұнай табысы есебінен жаңартылған энергия көздерін дамыту керек. Бұл туралы германиялық Covestro AG компаниясының өкілі Ричард Норткоут "Болашақ энегриясы" форумында мәлімдеді. 

"Климаттың өзгеруі проблемаларына арналған энергетикалық шешімдер" атты сессия аясында ол Норвегияның тәжірибесін мысалға келтірді.

"Қазақстан мұнай мен газ қорына бай болғанына қарамастан балама энергетика көздерін дамыту керек. Мысалы Норвегия да мұнайды көп өндіреді. Алайда олар сол мұнайдан түскен қаржыға жел станцияларын салып жатыр. Норвегиялықтар болашақтағы жағартылған энергия көздеріне әзірден бастап қаржы салу керек екенін білдіреді. Өйткені мұнай қайткен күнде де таусылады. Ал күн мен жел ондай емес", - деді ол.

Сондай-ақ, ол мұнай өндіре отырып күн энергиясын дамытып отырған Сауд Арабиясын да мысалға келтірді.

"Табиғи ресурстардың болғаны жақсы. Алайда оған қарамастан жағартылған энергия көздері де даму керек. Ал мұнайды отын ретінде жаға бермей, оны қолданудың басқа жолдарын тауып, мұнай химиясы үшін өте жоғары деңгейде пайдалана алатындай өнімді шығару қажет", - деді Норткоут.

Айта кетейік, Қазақстан EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізіп жатыр. Көрмені өткізудегі мақсат - елдегі энергетика нарығын дамыту. Алайда көрмеге қатысты тараған ақпараттарға мән берсек, біз әзірге энергетиканы дамыту мәселелерімен емес, көрмеге келген туристерді санаумен ғана айналысып жатқандаймыз.

“The Qazaq Times”