Келесі жылдан бастап Қазақстан ақшыл мұнай өнімдерін экспорттауға қатысты салынған тыйымды кері шегеруі мүмкін. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкіметтегі баспасөз конференциясында  мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей арасында  аталған мұнай өнімдерін экспорттауға болмайтын келісім бар.

"Қазақстан мен Ресей  арасында ақшыл мұнай өнімдеріне қатысты келісім бар. Құжат бойынша біз оны сыртқа шығара аламаймыз. Өйткені біз Ресейден бензин мен дизельдік отынды баж салығынсыз сатып алып отырмыз. Біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз іске қосылғаннан кейін, бұл келісімді қайта қараймыз", - деді министр.

Сондай-ақ, ол ақшыл мұнай өнімдері  Орта Азия мен Ауғанстан мемлекеттеріне экспортталуы тиіс екенін атап өтті. Кәсіпорындардың бюджетіне түскен қаражат есебінен модернизацияға жұмсалған қарыздар өтеледі.

Айта кетейік, Қазақстанда ақшыл мұнай өнімдерінің түрлерін 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін экспорттауға тыйым салынған.

Яғни біз Ресей нарығына бағынышты болғандықтан ішкі нарықтағы бензин және дизель отынына деген сұранысты қанағаттандыра алмаймыз деген сөз.

“The Qazaq Times”