Бүгін «Қазақ вальсінің королі» атанған, ұлтының ұлы тұлғаларының бірі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Ұлт тарихында аты қалған композитор 1930 жылдың дәл осы күнінде (15 тамыз), Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген.

Аса дарынды сазгер тұмса талантымен және ізденіс еңбегінің негізінде осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі болып, есімі ел тарихында мәңгілік қалды. Шығармашылық жолында 300-ге жуық тартымды ән қалдырған талант иесіне Роберт Файлер сынды ағылшынның өнер қайраткері таңдай қаға тамсанып, адамзат музыка алыбымен танысқанын айтып мақтаныпты.

Бүгінде егемен елінің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» атты туындысы, Қазақ жерінің тұтастығына селкеу түскен, ең бір тарихи кезде дүниеге келген. Кеңес одағы кезінде Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосу туралы Мәскеудің ызғары ескен тұста, Шәмші Қазақстанның тұтастығын ту еткен, жалпы халыққа тарайтын ортақ ұранның керек екенін терең санасымен сезінген. Жүрегінің түбінде қайнап жатқан отаншыл ұлы сезімін әнге айналдырып, «Менің елім, менің жерім...» деп ұлтының жан айқайын сырлы сазына сыйдырған екен.

Қазақ топырағының түкпір-түкпірінен шырқалған бұл ән, баба тұлпарының дүбіріндей ұлы даланы дүркіреген рухтай кернесе керек. Бүгінде әрбір қазақстандық оң қолымен жүрек тұсын басып тұрып, отанға деген сүйіспеншілігін осы екпінді рух сазымен жеткізеді. 2005 жылдан бастап «Менің Қазақстаным» әні мемлекет Әнұран мәртебесінде, көк байрақпен бірге желбіреп, Ұлы даламен біте қайнасып келеді.

Өшпес өнер туындыларын қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы ақпан айының 29 жұлдызында Алматыда дүние салған. Даласын сазбен әлдилеген ұлының есімі халқының есінде мәңгілікке сақталады. Рухына тағзым ретінде Тілеген Ахметовтың "Қайран Шәмші" атты деректі фильмін ұсынамыз!

“The Qazaq Times”