Алматы қаласын абаттандыруға 593,4 млн теңге жұмсалады. Арық желілерін жақсартуға баса назар аударылып, 5,9 км арық желісі мен жауынды канализация құрылысына 243,8 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ, «АЖК» АҚ сыртқы жарық көздерін қамтамасыз етуге 100 млн теңге бөлінеді. Қаланың магистральді көшелеріндегі 5 жер асты өтпелі жолдар жөнделеді.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл бюджетті нақтылау барысында 43,2 мың жаңа жұмыс орнын құру қарастырылған.

Жалпы, Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлылық жұмыстарын одан әрі жалғастырады. Биыл жол айрықтарын, құрылыс нысандарын, Универсиада обьектілерін, әлеуметтік нысандарды салу мен ашу шараларын оңтайландыру, түрі құрылыс жұмыстарына мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) кеңінен тарту, мемлекеттік сатып алу шараларын үнемдеу барысында түскен қаржы қала экономикасын арттыруға жұмсалды.

"Қалада тұрғындар үшін барлық жағдайлар жасалуда,парктер мен скверлер абаттандырылуда, жаяу жүргінші және веложолдар жасалып, қоршаулар алынуда, қоғамдық кеңістік кеңеюде", - делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, 146 км жол жөнделеді, 97 мың шаршы метр тротуар абаттандырылады, ұзындығы 15 км жол және 57 көшедегі 42 км арық желісі қайта жасалады, 32 км жылу жүйесі жаңғыртылады. 20 мың үйге 380 км су құбыры мен кәріз желісі тартылуда, Фурманов, Абай көшелері үңгіленіп, үш жол айрығының құрылысы мен жаңа аудандадағы жолдар жасалуда.

2015 жылғы сел зардаптарын жою үшін Қарғалы өзенінің арнасы қайта жасалды, жағалаулар мықты бекітілді,аудан тұрындары үшін жаңа демалыс орындары ашылды.

Тамыз айының соңына дейін мемлекеттік табыстар басқармасының, сот, прокуратура, Қазпошта,банк, зейнетақы төлеу орталығы, тәулігіне мың адамға қызмет көрсететін ХҚКО-ның ғимараты пайдалануға беріледі. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 1,5 мың пәтерлі 21 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Биылғы жылдың қыркүйек айында 4967 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Десек те, бұл абаттандыру қала тұрғындарының ашуына тиіп жатқаны өтірік емес. Бар істі бірден бастаған әкімдіктің бұл әрекеті қала көшелеріндегі кептелістен бастап, кейбір жол көлік оқиғаларына себеп болып отырғаны белгілі. Бұдан бөлек, университеттер, мектептер, балабақша жанындағы қоршауларды алып тастау салдарынан қала маңындағы қауіпсіздік шаралары ескерілмей қалғандай.

 “The Qazaq Times”