Корей түбегіндегі шиеленіс шырмауында. АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы қарама-қарасы жасалып жатқан ескерту, қорқыту, үрейлендіру сөздері, өзге елдердің ақпарат құралдары жағынан «ауызша соғыс» деп бағалана бастады. Ядролық менмендік пен державалық паңдық Корей түбегі мен Солтүстік Шығыс Азияны үрей астында қалтыратып отыр.

АҚШ президенті Трамп КХДР-ға қаратқан бір сөзінде «Уашингтон Солтүстік Кореяға шабуыл жасауға оқталып, қолы шүріппеде тұр» деген еді. Бұл зілдей сөзге Солтүстік Корея Гуам аралына зымыран шабуылы жоспарын жасап жатқанымен жауаптасты. Бір тараптан қандай да бір ескерту айтылса, екінші жақ қарымтасын қайтарып отыр.

КХДР Орталық Ақпарат агенттігі және елдегі бірнеше ресми басылымға сілтеме жасай отырып «Шинлаң» ақпараттық сайтының хабарлауына қарағанда, қазір Солтүстік Кореядағы 3,5 млн әскери жаттығудан өткен ерікті АҚШ-пен қан майданда кезігуге дайын екенін жариялап, шеру жасаған.

Корей түбегі жағдайына байланысты аймақтағы елдер әртүрлі шаралар қолдануда. Қытай осыдан бұрын өзінің қуатты зымырандарын әскери шеруге алып шығып, әлемді тіксіндірген еді. Оңтүстік Корея болса Қытай қарсылығына қарамастан «Сад» зымыранға қарсы жүйесін орналастыруға шешім қабылдады. АҚШ өзінің әуе және зымыран қорғаныс техникалары мен ядролық арсеналын жаңартуда. Оған қоса, АҚШ су асты соғыс кемелері де Корей түбегіне жақын аумақтарда бұйрық күтіп жүр деген ақпарат бар. Ал, Ресей болса өзінің Қиыр-Шығыстағы әуе және зымыран қорғаныс жүйелерін дайындық күйге өткізгенін хабарлады.

Корей түбегі шиеленісінің келіп шығуын әр жақтың сарапшылары әр түрлі айтады. Дегенмен, түрлі пікірлердің арасынан ортақтық іздер болсақ, АҚШ-тың Азияға өз ықпалын күшейту үшін, Екінші дүние соғысынан бері қарай, жеңілген Жапония мен бөлінген Кореяны шырмап ұстап, Азия Тынық мұхит елдері арасында өз мейманасын тасытуды көздеген сыңар жақты саясатының жемісі деп қаралады.

“The Qazaq Times”