Адамзат өркениетінің сәби шағында теңіз-мұхит адамдар үшін беймағлұм болып келді. Долы толқындарымен үрейлендіріп, шексіздігімен таңдандырып, түпсіздігімен қорқытты. Жомарттығымен тәнті етіп, сыр-құпиясымен баурап келді. Адамдар ғарыш кемелерін жасап, көк зеңгірге көтерілгенде Жер шары деп аталатын алып планетамыздың шын мәнісінде алып «Су шары» екенін көрді. Ғылым-техника дамып, теңіз жолдары ашылған сайын, теңізге жасалатын ғылыми экспедициялар көбейген сайын, адам мен теңіз қарым-қатынасы етене күйге өтті.

XXI ғасырға аяқ басқан адамзат қоғамы байлық-ресурстары мен энергия көздеріне деген сұранысы артты, нәтижесінде жер асты қазба байлықтары көптеп ашылды. Алайда соның өзі бірте-бірте адамзаттың қажеттілігін толық қанағаттандыра алмауға бет алды. Халық санының тез өсуі азық-түлікке, ресурстарға деген қажеттілікті күн санап жоғарлатып келеді. Болашақ адамзатқа азық-түлік жетіспеу қаупі мен қоршаған ортаның ластануы, бүлінуінен туатын қауіптер төніп тұр. Экологиялық ортаның ластануы, жердің шөлейттенуі әлемдік проблемаға айналып бара жатыр. Ал бұлар керісінше азық-түлік тапшылығын келтіріп шығаратын басты факторлар. Қоғам дамуы тудыратын осындай қайшылықтарды шешу үшін адамзаттың жасанды ғылымы ізденісін тоқтатқан емес.

Қазіргі таңда ғалымдар теңіз-мұхитты зерттеп ашуды ортаға қойып келеді. Теңіз барлау кемелерінің мүмкіндіктері жоғарлап, теңіздің шүңет тереңдерінде барлаулар жасау арқылы көптеген ғылыми жаңалықтарды тапты. Ғылыми зерттеулер арқылы теңіз-мұхиттарға адамзатқа керекті мұнай, көмір, табиғи газ, темір, мыс, қалайы, марганец, күкірт т.б. бай қазыналардың жасырулы жатқанын дәлелдеді. Бұл қазба байлықтарға қажеттілікті шешуге көмектессе, теңіз өнімдері алда туылатын азық-түлік тапшылығын шешуі мүмкін. Ғалымдардың болжауынша XXI ғасырда адамдардың тамақ мәзірінде теңіз өнімдері барған сайын көбейеді. Теңіз өнімдерін тұтыну әлемдік үрдіске айналады. Бара-бара жер бетінен алынатын азық өнімдері қымбаттайды, көбі жеуге жарамсыз бола бастайды. Ортаның өзгерісі күшейген сайын, жер бетінде ішпек-жемек өндіру қиынға соғады, сол кезде адамдар еріксіз өзіндік құны арзан, әрі біршама қауіпсіз теңіз өнімдеріне ойысады деп отыр.

Бүгінгі күндегі  тағы бір өзекті әлемдік мәселе – энергия тапшылығы. Күнделікті қажетсінетін электр энергиясын өндіру құнын барынша азайту, қазіргі кездің басты талабы. Су, жел сынды жасыл энергия көздері көптеп дәріптеліп жатады. Теңіз-мұхитты да болашақта осы қажеттілікке пайдалануға болады. Тектен-текке ысырап болып жатқан толқындардың және теңіздың көтеріліп-қайтуындағы энергия болашақта электр өндіретін негізгі көзге айналады деуге болады.

болашақтағы суасты қаласы. Фото: Pinterest.com

Кейбір ғалымдар мынадай болжамдар жасайды: XXI ғасырдың орта шенінен бастап адамдар теңіз суларын тұшыту арқылы су тапшылығын көріп отырған елдерді сумен қамдай бастайды. Теңізді барлап-ашу дамыған сайын суасты қалалары мен елдімекендері пайда болады. Жер бетіндегі экологияның бұлғануы ауырлаған сайын адамдар теңіз астына мекендеуге ойысады. Болашақ теңіз-мұхит пен адам қарым-қатынасы барған сайын қоюланады.

Теңіз асты қаласы. Фото: Wallpaper Abyss

Ежелгі өркениеттер туралы деректер мен болжамдарды таныған сайын, адамзаттың барлық жаратылыстық апаттарға себепші өзі екенін байқауға болады. Бізбен қатыс жоқ деген кейібір табиғи апаттардың да басты себепшісі адамзат екенін байқаймыз. Өз дамуы өзінің болашағын кесетін ақылды тіршілік енді теңіз-мұхитты мекен етті делік. Күндердің күнінде оның да бар қазынасын тауысып, жер шарын сүліктей сорып болған шақ та туар. Әлде оған жетпей бірін-бірі жеп түгете ме!? Ақылды тіршілік иесі ақыл-парасатымен «ақыл-санасыз» таиғатты қорғау санасы ерте жетілмесе ол күн де туылмай қоймас.

 Естай Божан

“The Qazaq Times”