Қасиетті  Құран-Кәрімнің  Әл-Кәһф  сүресінде    құдайға  қараған  үш  жігіттің  хикаясы  жайында  сөз  болады  (Бұл   турасында  Таурат  пен  Інжілде  де  кеңінен  баяндалады).   Елінің  есерлігінен  безген  әлгі   жігіттер  бір   үңгірді  келіп   паналайды  ғой.  Ұзақ  ұйқыдан  соң  оянып  тілге  келген  жігіттің  бірі:  «Біз  осы  жерде  қанша  мерзімге  дейін  жатып  қалдық»  деп  сұрайды.  Сонда келесі  жігіт  «бір   күн»  десе,  одан  кейінгісі   «бір  жарым  күнге  жуық  ұйықтап   қалған  секілдіміз»  деп   тіл  қатады.  Кейін  олар  азық-түлік  алмаққа  шаһарға  келеді.  Сауда  барысында   қолдарындағы   күміс   динарларының  ештеңеге  де   жарамсыз  болып   қалғандықтарына  көздері  жетеді.  Тектей   келсе  бұл  динарлар   бұдан    үш   ғасыр  бұрын   қолданылған  мүлік   екендігі   мәлім  болады.   Бұл  жердегі  әлгі   үш   жігітті   аң-таң   қалдырып  отырған  не?  Мәселенің   мәні   мынада  болып  отыр.  «Олар  үңгірде  үш  жүз  жыл  жатып  қалды  және  тоғыз  (жыл)  қосылды»  деп   баяндайды  киелі   Құран-Кәрім.

Үш   жігіттің   үш   ғасырға  жуық   ұйықтап  қалғандығы бәрімізге   түсінікті  болды.  Ал  одан   кейінгі  сөз  болып   отырған    тоғыз  түсінігі    нендей  мағынаға  ие.   Кәне,   ол  жайында  да   оймақтай   сөз  шығындап  көрейік.  Бұған  белгілі   ғалым  Ақжан  Машанидың   төл  шәкірті  Ғұзыхан  Ақпанбек  мырза   бүй  деп  байлам  айтады:

«...Хижра  жыл санауында  бір  жылда  354,36667...  тәулік,  яғни  354  күн,  8 сағат,  48 минут,  35 секунд  бар.  Григориан  мен  хижраның  айырмасы  11 тәулік.   Дәл  есебі  10,8755... күн.  Осы  айырма  күннен  бір  жыл  құралуы  үшін  33,5839  жыл,  ал  тоғыз   жыл  болуы  үшін   300  жыл  өтуі  керек.  Хижра  мен  милади  күнтізбесіндегі  айырма  күндердің  300  жылда  тура  9 жыл  құрайтындығы  туралы  Құранда  айтылған»  деп  жоғарыдағы  аятты  мысалға   алады.

Әлхисса.  Бұл  мәселені   осы  жерінен   кілт  тоқтата  тұрып,  дәл    осы  оқиғаға  орайлас  мына   бір  хадистің  де   мәнін   ашалап  алсақ   деген  ниетіміз  бар.  Пайғамбар  ауызынан  шықты   дейтін   осы  бір  сөз   жоғарыдағы   аяттың   түсіндірмесі   болуы  да  ғажап  емес.  Қалай  десек те  оқиға  сорабы  өте   ұқсас  келетін   қос   мысалда    көп   хикметтің  сыры    жатқандығы    шүбәсіз.  Имам  Бұхари   риуаят    етті   дейтін     хадистің   негізгі   жүлгесі   былайынша  өрбиді:    «Бірде  үш  адам  ұзақ  сапарға   шығады.   Бір  үңгірге  түнемек  болып  ішіне  кіргенде,  таудан    тас  құлап   кетіп   үңгірдің   ауызын   бітеп    қалады  екен.  Сонда   олардың   көкірегіне   ғайыптан: «Бұл  қатерден  сендерді   Алла  ісіне   арамдық   қоспаған,   шын   ниеттеріңмен   істеген  ізгі   істерің   ғана   құтқара   алады»   деген   уақи  келеді.  Содан  үшеуі   жапа-тармағай    ең   жақсы  деген  амалдарын   естеріне   түсіре   бастайды.   Алғашқысы:  «Ей,  Аллам,  менің   уақыт  кеміріп,   кәрілік   иектеген    ата-анам  бар   еді.  Оларды  тек   маңдай теріммен  асырадым.  Бірде  бір   шаруамен  алысқа  кетіп,   кештетіп  оралсам,   ата-анам   ұйықтап  қалған  екен.  Ол  кісілерді  оятуға  дәтім  бармады.  Қолымда  азын-аулақ  сүтім  бар   болатын.  Содан   таң  атқанша   оянғанын  күтіп  отырдым.  Оянғаннан  кейін  сол  сүтті   өз   қолыммен  пісіріп   екеуіне  ішкізіп   едім.  Ей,  рахымды  Аллам,  егер  де   осыны   өз  дидарың  мен  шын  ризашылығыңды  іздеп   істеген  болсам,  мына  басыма  түскен  қатерден   өзің  ғана  құтқара  көр»  деп  жалбарынған  екен.  Сол  сәтте  Құдайдың құдіретімен   үңгір  ауызындағы  батпан   тас  сәл  жылжығандай   болыпты.

Содан  соң  екіншісі  былай  деп  жалбарына   жөнеліпті:  «Менің  бір  көрікті    қызға  көңілім    ауды.  Ынтызарлығым   соншалықты,  тіпті   ішер   ас-судан  қалдым.   Айналдырып  көріп   едім,  әлгі  құрғырым   құрған   тұзағыма  түспей   қор  етіп   кетті.  Бір  жылдары   елді   құрғақшылық  жайлады.  Әлгі  аруым  көмек  сұрап   дәл   алдыма  келді.  Көктен   іздегенім  жерден  табыла  кеткен  мен  пақыр  оған   ырқыма  көнер   болса,  120  динар  беретінімді  айттым.   Ол  үнсіз  келіскендей  болды.   Сөйтіп  қолынан  жетелей  бергенім  сол   еді  «мұныңыз  енді   жөн  бе»  деген  қыздың     жалғыз-ақ  ауыз  сөзі   жан  дүниемді   түршіктіріп   жіберді.   Ұяттан    жанымды  қоярға  жер  таппастан,   басым  ауған  жаққа  қарай   маңып  кеттім.  Әлгі жүз  жиырма  динар   қыз  қолында  қалды.  Оны  алуға  тіпті  бетім  де  жоқ  еді.   Ей,  рахымды  Аллам,  егер де   осыны   өзіңнен қорқып  шын  ризашылығыңды  іздеп   істеген   болсам,  мына  басыма  түскен  қатерден  өзің  ғана  құтқара  көр»  деп   еңірегенде  етегі  жасқа   толыпты.   Сол  кезде  үңгір  ауызындағы  алып   тас   тағы  да  бір  мәрте   қозғалғандай   болыпты.  Содан  үшіншісі  тұрып   былай  деп   аңырай  жөнелген  екен:  «Мен  кісі  күшін  жалдап   ырыздық  несібемді  табатын   едім.  Бірде  бір  адам  пәленбай   күн   жасаған   еңбегінің   ақысын   алмай   өз  жөнімен  кете  берді.  Мен  оның  еңбегіне  еш  тигенім  жоқ,   қайта  сол  ақшаны  саудаға   салып,    одан   біршама   дүние  құрадым.  Біраз   жылдардан   соң  әлгі  адам  келіп  баяғыдағы   жасаған   еңбегінің   ақысын  сұрады.  Мен  оған:  «Мына  көріп  тұрған  мал-мүліктің  бәрі  сіздікі,   енді  осыны  түгелімен  алыңыз»  дедім.  Ол   «мені  келеке  етіп  тұрсың  ба»  деп  ашуға  булығып  кетті.  Мән-  жайдың  бәрін    түсінгеннен   кейін  ғана   райынан  қайтып,  мал-мүліктің  бәрін  түгелімен  алып  кетті.  Ей,  рахымды  Аллам,  егер де   осыны   өз  дидарың  мен   шын  ризашылығыңды  іздеп   істеген   болсам,  мына  басыма  түскен  қатерден  өзің  ғана   құтқара  көр»  деп  ол  да  омырауын  жасқа  бояп   зарлаған  да   Құдайдың   құдіретімен   әлгі  батпан   тас   айқара  ашылып,  ана   үшеуі   аман-сау  құтылған   екен   дейді»  қасиетті  хадис.   Міне,  мәртбелі  оқырман,  оқиғаның   ұзын-ырғасы  осы    ғана.

Енді    ентігімізді  басып   осы  жерден  ой   қорытып  көрейік.   Егер де   жоғарыдағы   осы   оқиғаларды  жалаң,   я   болмаса   тікелей  ғана  түсінетін   болсақ,    біреулер  бір   үңгірге  келіп   үш   жүз  жыл   ұйықтап  қалған  болса,    тағы   біреулер   тас    үңгірден   бірдеңелерін  айтып,  құтылып   кеткен  болып   шығады   емес  пе?  Сонда  қасиетті  Құран  мен  қастерлі   хадистің  бар  айтқысы  келгені  осы   ма?  Осымен  шаруа  бітті  ме  сонда?  Әрине,  жоқ.   Біздіңше,  мәселенің  мәні  тым  тереңде  жатыр.  Қос    кітаптың  түпкі   тініндегі  шындық   бұл  емес-тұғын.   Енді  түйілген   түйінді   бабымен   тарқатып  бағайық.  Бұл  жердегі   үңгір   түсінігі –  кәдімгі   қабір   ұғымы.  Дәлірек  айтар  болсақ,  БҰЛ   ОҚИҒА  – ҚАБІРДЕН  КЕЙІНГІ АҚУАЛДАН  АҚПАР ЖОЛДАҒАН   ҒИБРАТТЫ  МЫСАЛ.  Адамзат   тарихында  өлгеннен    кейін   өмірге  қайыра  келген   жан   баласы   жоқ.  Ондай  құзірет  жұмыр  басты  пенденің  ешқайсысының  да  тәлейіне   жазылмаған  жай.  Ендеше,  екінші  өмір  хақында  біздерге  (яғни  тірілерге)   (киелі   кітаптан   басқа)   кім   мағлұмат   бере   алады.  Әлде  өмірден   өткен  исі  адамзат   нәсілі  ме?   Әлбетте,  олай   емес.    Бұған  берілер  жауап  бір  Алланың   өз  құзырында   ғана.   Міне,  АЛЛАНЫҢ  АЯТЫ  МЕН ПАЙҒАМБАР  ӨСИЕТІ   БІЗДЕРГЕ  ОСЫ  ҒИБРАТТАР  АРҚЫЛЫ  КЕЛЕСІ  КЕҢІСТІК  БАЯНЫН  ИШАРАЛАП  ОТЫР.   Оқиғадан  тұнған  ой  безбені  ендеше  мынадай  болды:  Адамзат  баласы   үрейлі   үңгірден  ( қабір азабынан )  тек   ізгі   істері   арқылы    құтылатын  болса,   Жаратқанның   рахымы   ықыласты  құлдың  шын  пейіліне   ғана  түседі  екен.   Адамзат   үшін   арашаға   түспек    бір   ғана  амалымыз   болса,   ол   осы   ақ  ниет   пен   шын  жүректің  бірлесе   соққан    лүпілі    екен...

Біз   Абайды  етене  тану   үшін,   ең   алдымен   кемеңгер   кітапханасымен   танысу  керек   дегенді   жиі   айтамыз.

«Әуелі  аят,  хадис  сөздің  басы,  қосарлы  бәйіт,  мысал  келді  арасы» деп ой   дестелеген  ақынның   өзі   өлеңге  қосқан  киелі   кітаптарының  сөре  басында  тұрғандығы  сөзсіз.   Не  нәрсенің  болсын  астары  мен  ақиқатын  жазбай  танитын  ақынға   бұл  еңбектердегі   әрбір   сөйлемнің   басқалай  өлшемде  тіл   қатқаны  тағы  да   анық.    Құрғақ  құлшылық  пен  «ынталы  жүректің»  өзара    парқын   аңдатқан   осы  ғибраттар,  ақын   кеудесінде   ұзақ   уақытқа   шайқалып,  кезі   келгенде  кемеңгер  танымынан   бүй   деп   ағытылып     кетсе  керек.

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі хаққа қол емес...»

Біз  манадан  бері   ырғап   отырған   ықылым  ойды    Абай   бір-ақ  ауыз  сөзбен   шегелей  салған  екен.   Есімізге  түсірейік,   жоғарыдағы  үш   кейіпкерге   шын   көмекші    болған да   осы   «ынталы  жүрек»  пен   «шын  көңіл»  емес  пе  еді?   Сайып  келгенде,  мұның  бәрі  адам  баласының  өз  қамы   үшін  ғана   қажет.   Себебін  әрбір   «шыбын жан»   иесі    сезеді   деген  ниеттеміз.   «...Әділеттік,  арлылық,  махаббатпен,   үш   жолдасың  қабірден  әрі  өткенде»  дейді  тағы  да  хакім   көрден  кейінгі   көмекшілердің түсін  түстеп.   Қазақтың   қария   адамдары    жаны   жақатпаған   кісісін:  «сірә,   осы  бір   неменің   құдай  сүйер  қылығы  жоқ»  деп  жататын  еді.  Ақиқат  ұялаған,   аруақты  сөздің  бірі  дәл  осы  екен.  Бұл  ұғымның   шын  мағынасы   енді  ғана  шымырлап  бойымызға  тараған тәрізді.   Үңгірді   үрей  мен    үміттің   тайталасы   десек,   қай   жағы  үміттің   пайдасына  шешілер  екен.   Сол  кезде  біздің   бойдан   «құдай   сүйер   бір   қылық»  табылар  ма  екен?..

                                                                                                Ықылас  Ожайұлы

"The Qazaq Times"