2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстандағы үш автожолға ақылы жүйе енгізіледі. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Оның айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі басым міндеттерінің бірі - республикалық маңыздағы автожолдарға ақылы жүйе енгізу. Осыған байланысты барлығы 6,5 мың шақырым автожолды ақылы ету жоспарлануда.

«Биыл біз Астана-Теміртау (132 км) және Алматы-Қапшағай (42 км) автожолдарында ақы алу жүйесін монтаждау жұмыстарына кірістік. Ал, екінші жартыжылдықта Алматы-Қорғас (295 км) автожолындағы ақылы жүйені монтаждау жұмысы басталады. Жыл соңына қарай аталмыш учаскелерде ақылы жүйе толық енгізіліетін болады», - деді министр Жеңіс Қасымбек.

ҚР ИДМ басшысының мәліметі бойынша жыл соңына дейін 5,5 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу жобаларын әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр.

Ақылы жүйені енгізу мен жүйені пайдалану үшін осы саладағы әлемге танымал компанияларды (Kapch, FETC, РТ-Инвест) жұмылдыру мақсатында ЕҚДБ-ның қосымша қаржыландыруымен инвесторлар тарту жоспарлануда Ал мұны іске асыру кезеңі 2018-2019 жылдар аралығын қамтиды.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ЕҚДБ-дан 150 млн АҚШ доллары сомасында займ тарту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Айта кетейік, шын мәнінде ақылы жолдардан жиналған қаражат сол жолдың сапасын жақсарту мақсатында жұмсалу керек. Алайда қазіргі кезде Қазақстанның маңызы бар жол тораптарының жағдайы жақсы болғанмен, басқа өңірлердегі жолдардың сапасы сын көтермейді.

“The Qazaq Times”