Шілденің 22-23 күндері Түркияның Бурса қаласында осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған «Түрік әлемі Ұлттық спорт фестивалі» өтеді деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар Мекемесінің ресми сайты.

Фестивальге еліміздің ұлттық спорт ойыншылары мен қол өнер шеберлері де қатысады деп күтілуде. Фестиваль аясында көкпар, күрес түрлері, бәйге, мангала, садақ ату, асық ойыны секілді ұлттық ойындар ойналмақ. Сонымен қатар қазақ, қырғыз, кавказ фольклоры және ақындар айтысы да көрсетіледі.

Шара аясында Көктүрік әліпбиін үйрететін сабақ беріліп, қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, түрікмен, татар, ноғайлардың қол өнерлері, мәдени бұйымдары мен ұлттық киімдері таныстырылмақ.

“The Qazaq Times”