Дуалды білім беру жүйесі – теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін оқыту бағдарламасы. АҚШ, Германия, Аустрия, Швейцария, Оңтүстік Корея және тағы басқа мемлекеттерде кеңінен қолданыста жүрген бұл бағдарлама бойынша техникалық мамандықта білім алатын студенттердің дәрістерінің көп бөлігі мамандықтарына сәйкес кәсіпорынның  қабырғасында өтеді. Ал мұндай білім жүйесі қандай мәселелерді шешеді? Бұл бізге керек пе?

Біріншіден, бұл жүйе бойынша оқытушылар құрамы  техникалық өндірістің қыр-сырын жетік меңгерген компания қызметкерлерінен жасақталады. Жоғарғы оқу орны, кәсіпорын мен студент арасында жасалатын келісімшарт негізінде жүзеге асатын білім беру бағдарламасын құруға  өнеркәсіп жетекшілері тікелей қатысады. Мектепті тәмәмдаған оқушы жоғарғы оқу орнынан бұрын, онымен келісімге отырған кәсіпорындардың тізімін қарайды. Арнайы емтихандар тапсырып, сұхбаттан өту үшін де өзі еңбек етуді қалайтын компанияға барады. Өзінде жұмыс істейтін болашақ мамандардың қатарына қабылданған студентке шәкіртақы төлеу, оқу орындарын үйлестіру шығындарын кәсіпорын өз мойнына алады.

Әлем тәжірибесіне үңілсек...

Германияда ірі кәсіпорындардың 90 пайызы, әрбір бесінші шағын өндіріс орны студенттерді оқуға қабылдайды. Білім алушылардың 68 пайызы оқу бітіргеннен кейін өз компаниясында жұмысқа қалады. Италияда кәсіпкерлерге өздері оқытқан студенттердің кем дегенде 50 пайызын қызметке алып қалуды міндеттейтін заң бар. Бразилия кәсіпорындарына арналған мұндай міндеттеме 5-15 пайыз аралығындағы студенттерді қамтиды. Дуалды білім беру жүйесіне ерекше жылы қарайтын Ұлыбританияда 2020 жылға қарай 3 млн студентті қамтитын үлкен жобаның жоспары бекітілген.

Қазақстанға бұл жүйе неге керек?

Шикізат секторынан өнім шығару бағытына ойысуды мақсат тұтқан Қазақстан үшін техникалық мамандықты игерген студенттер көптеп керек. Бұл салада бөлінетін мемлекеттік гранттардың жылдан-жылға ұлғаюы да – осы маман тапшылығын жою үшін қолға алынған шара. Гуманитарлық саламен салыстырғанда, дәлдікті, терең білім мен тәжірибені аса қажет ететін техникалық мамандықты бітіруші түлектердің көбі 3-4 жыл ішінде бірде бір арнайы құрылғыны қолына ұстап көрмеген. Талапқа сай келмеген студенттердің жұмысқа орналаса алмайтыны белгілі. Олай болса, мемлекет оларды оқытуға ақша бөліп, кейіннен дәл сол азаматтардың жұмыссыздығымен күреске қайта шығындануға мәжбүр. Ал оқу аптасының 1-2 күнін ғана жоғарғы не арнайы оқу орнында теориялық ақпарат жинауға жұмсап, қалған уақытын кәсіпорында жұмыс істеуге арнайтын студенттің өз мамандығы бойынша еңбек етуге білімі жетпей не жұмыссыз қалу ықтималдылығы төмен. Өйткені олардың  жұмыс орны оқуға түспей жатып, анықталады, ал теорияны практикада қолдана алмайтын сауатсыздық мәселесі түбегейлі шешіледі.

Кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді?

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының техникалық және профессионалды оқыту саласын қолдау бөлімінің сарапшысы Елена Панкратованың пікірінше, біздегі кәсіпорындардың көбі оқыту бағдарламаларына қаржы жұмсауға дайын емес.

«Мәселен, Германияда кәсіпкерлік субъектілері жыл сайын осы мақсатта 23 млрд еуро жұмсаса, мемлекеттің шығыны – 3 млрд еуро көлемінде ғана.  Бұл елде тіркелген 3,6 млн кәсіпорынның 500 мыңға жуығында белсенді қолданылатын дуалды білім беру бағдарламасының түлектері еңбек нарығының 54 пайызын құрайды. Мұнда заңнамалық реттеу, кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасап беру мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние. Бізде дуалды білім беру жүйесін қолдап, оны өз тәжірибесінде қолданған кәсіпорындарға қандай жеңілдіктер қарастырылатыны заң жүзінде бекітілмеген», - деді ол.

Дегенмен Еуроодақтағы кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері дуалды оқыту жүйесі өзін-өзі ақтайтын, инвестиция тұрғысынан тартымды жоба екендігін дәлелдеді. Мұндағы мамандардың пайымдауынша, білім беру саласына жұмсалған инвестицияның кәсіпорындар үшін келесідей тиімді тұстары бар:

  • студенттерге оқу процесі барысында ел ішіндегі минималды жалақы мөлшері төленетіндіктен, бұл нарықтан өзге маманды қызметке алуға қарағанда әлдеқайда үнемді;
  • оқу бітірген жас мамандарды кәсіпорын бағытына сай қайта даярлап, біліктілігін арттыруға жұмсалған уақыт пен қаржы өндірісті тежейді;
  • аса танымал емес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыс іздеуші жастардың  назарында болуға, мемлекеттен қолдау алуға, әлеуметтік бағдарланған мекеме ретінде жақсы имидж қалыптастыруға пайдалы.

Дуалды оқыту бағдарламасын Қазақстанның білім беру жүйесінде сынап көру туралы пікір 2012 жылдан бастап айтылып келеді. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің 2017 жылы 24 ақпандағы мәліметіне  қарағанда, қазір елімізде дуалды оқыту жүйесі техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылық бағыттары бойынша 421  колледжде (республикадағы колледждердің жалпы санының 51,5 пайызы) жүргізіледі. Бағдарламаға 2433  кәсіпорын қатысып, 27 мың студент қамтылған.

ҚР Білім және Ғылым министрлігінің экс вице-министрі Мұрат Әбенов Германияда сәтті жүзеге асқан дуалды білім беру жүйесінің Қазақстанда дамуы неге кешеуілдеп жатқанын былай түсіндірді: "Германияда қандай салаға қанша маман керектігі жөнінде ақпаратты мемлекетке кәсіпорындар береді. Онда жұмыс орны дайын емес адамды оқытпайды. Ал бізде барлығы керісінше. Мемлекет қаржысына үміт артқан бір колледж мемлекетке өзінің 500 трактор жүргізушісін дайындауға қабілеті барын айтады. Кеңес дәуірінен қалған ескі кітаптармен оқытылған сонша маманды қай өнеркәсіп орны жұмысқа алуға құлықты екендігі тағы белгісіз. Осылай еңбек нарығы жаңа жұмыссыздармен толыға береді".

Студенттерді оқуға қабылдарда жұмыс берушілердің сұранысын ескерудің маңыздылығы күн санап артып келеді. Мәселен, сарапшылар қазіргі еңбек нарығында жоғары білімді талап ететін қызмет орындарының саны бар болғаны 15 пайызды құрайды деген болжам жасайды. Бұл қалған 85 пайыз жұмыс орнына  орта не кәсіптік білімге ие азаматтардың еңбегі қажет деген сөз. Биылдан бастап тегін кәсіптік білім беру туралы бастама қарқынды қолға алынса, қағаз бетінде техниканы жазбай танып, жұмысын игеріп кете алады деген куәлігі барлардың саны тағы да ұлғаяды. Сондықтан дуалды білім беру жүйесінде қанша кәсіпорындармен келісімшарт жасалғаны туралы оң статистикалардың көп болуы емес, шын мәнінде мамандығына машықтанып, жұмыспен қамтылғандардың үлесі артқаны керек.

Қазақстанда Білім және Ғылым министрі қызметіне келген тұлғалардың жиі ауысуы, әрі олардың "тыңнан қосатын бағдарламалары" кешенді білім беру үрдісіне кесірін тигізіп келе жатқандығы баспасөз беттерінде жиі айтылып келеді.  Әліппе дауына қалған бүгінгі министрдің де  бұл жобаны ары қарай алып кете алатындығына күмән көп.

“The Qazaq Times”