Астана, Алматы және Қарағанды қалалары әуежайларында айыппұл төлеуге арналған Қазпоштаның терминалдары іске қосылды. Клиентке арналған бұл сервис Бас прокуратураның бастамасынмен Әділет министрлігі, ҰҚК, «Қазпошта» АҚ және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен бірлесе жүзеге асып отыр. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұған дейін шетелге ұшуды жоспарлаған қазақстандықтар өтелмеген айыппұлдарына байланысты рейстерінен қалып қоятын, ал осы сервис арқылы азаматтар жеке сот орындаушылармен байланыс жасамай, сол жерде айыппұл бойынша қарызын тексеріп, болған жағдайда оны төлеп және автоматты түрде ел шекарасынан шығуға рұқсат алу мүмкіндігіне ие болады.

Дегенмен бұл 2015 жылдың 1 маусымынан кейін қойылған шектеулерге ғана әрекет етеді.  Көрсетілген мерзімге дейін шектеуді жою бұрынғы тәртіп бойынша жүргізіледі (сот орындаушысына айыппұлдардың өтелгендігін растайтын құжаттар беру).

Терминалдар Әділет министрлігінің дерекқорына біріктірілген. Борыштың өтелгендігі туралы ақпарат осы ведомствоның дерекқорына 15 минут ішінде беріледі және ел шекарасынан шығуға қойылған шектеу 30 минут көлемінде алынып тасталады.

Терминал арқылы төленетін айыппұл көлемінің максималды сомасы 2 млн теңгеге дейін. Терминал арқылы өтемдерге комиссия борыш сомасының 1%-ын құрайды, бірақ  әрбір төлем үшін 100 теңгеден кем емес. Егер борыш көлемі 2 млн теңге немесе одан жоғары болса, азамат Қазпоштаның кез келген бөлімдерінде төлем жүргізе алады.

Жақын арада осындай терминалдар Ақтау мен Шымкент қалаларында іске қосылатынын атап өткен жөн.

“The Qazaq Times”