Кеше Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында шоғырланған«Жас ұлан» республикалық мектептерінің 749 түлегі мектепке қош айтты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайты хабарлады. 

Іс-шара «Жас ұлан» тәрбиеленушілерінің салтанатты сап түзеуі мен оқу мекемесінің туын алып шығу рәсімінен басталды. Сөз сөйлеу барысында Астана қ. 3-ші оқу ротасының жас ұланы Алекс Жұмағұлов барлық тәрбиеленушілердің атынан қамқорлық танытқан ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығына алғыс білдіріп, болашақта жасұландықтар ұлан деген атақ пен абыройға кір келтірмес үшін барлық күш-жігерлерін салатындарына уәде берді. Бүгінгі таңда «Жас ұлан» республикалық мектептерінде оқу мен спортта дарынды тәрбиеленушілер, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары білім алып жатқанын айта кеткен жөн.

Түлектер. Фото: mod.gov.kz

Жасұландықтар «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына, мектеп пәндері бойыншакөптеген халықаралық олимпиадаларға белсене қатысады. Биылғы жылы «Сардар» олимпиадасына 12 ұлан қатысты. Бұл сайыста олар барлық жүлделі орындарды иеленді. 2016 жылдан бастап еліміздің барлық республикалық әскери мектептері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бірыңғай қарамағына берілгенін естеріңізге сала кетейік. Жасұландықтарды оқыту бағдарламасына мемлекеттік және шет тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқыту және күшейтілген дене даярлығы кіреді. Білім ошағының біршама түлектері офицер атанып, қазіргі кезде Қазақстанның Қарулы Күштерінде және өзге де әлеуетті құрылымдарда қызмет етуде.

qazaqtimes.com