Ақша, атақ, байлық, билік – бір күнде келе салатын дүниелер емес. Барлық істің бір бастамасы болады. Қазір әлемдегі ең бай, қуатты азаматтар бір күні жатып, ертесі миллионер болып оянған жоқ. Бірақ олардың өмірбаяндары мен жүріп өткен еңбек жолдары туралы естіп, біліп, жаттап та алған шығармыз. Жетістіктің құпиясын біле тұра оған кез-келгеннің қолы жете бермейтіні ақиқат. Бірақ барынша тырысып бақсаң, түбі өзіңнің дегініңе жетесің. Діттеген межеге жете алмасаң да жерде қалмайтының рас.

Әлемдегі ең беделді психологтар бай, табысты адамдарға тән қасиеттер мен әдеттерді зерттеп көрген болатын. Енді өзіңіздің бойыңызда осы әдеттердің бар-жоғын бағамдап көріңіз.

Байлықтың кілті болатын адамның бойында белгілі қасиеттер мен әдеттер болады.

1.  Ең бай адамдардың 85 пайызы күн сайын өзін-өзі жетілдірумен айналысады екен. Қанша білімді болып, ғылыми дәрежесі жер жарып тұрғанына қарамастан күніне жарты сағатын білім алуға арнап отырады. Бұл қасиет қарапайым кітап оқумен шектелмей, қоршаған ортаға, ғылымға деген ықыласты арттырады.

2. Ал табысты адамдардың 76 пайызы күніне кемінде жарты сағатын дене жаттығулары мен шынығуға арнайды екен. Жанның және тәннің саулығы кез-келген жетістіктің бастамасы екені ақиқат.

3. Жетістікке жеткен адамдар айналасына өзіне ұқсайтын мақсаты айқын әрі өмірге оптимистік көзқараспен қарайтын адамдарды жинайды. Күнделікті басқа да табысты, ашық, алғыр адамдармен араласу арқылы дамып, жетіліп отырыуды жөн санайды. Тек өзі секілді немесе өзінен де мықтылармен араласады.

4. Бай адамдардың барлығы дерлік алдарына айқын мақсаттар қойып, соған жетуді мұқият қадағалайды. Мақсаты айқын адамға арманның асулары да алыс емес.

5. Ал миллиардерлердің 50 пайызы жұмыс уақыты басталғаннан 3 сағат бұрын оянады екен. Бұл күнделікті белгілі бір тәртіп пен ережеге бағыну қажет екендігін көрсетеді.

“The Qazaq Times”