Қарайым тілі – қарайым халқының ана тілі болып саналады. Алғашқы кезде «қарайым» сөзі – бұл халықтың караизм діни оқуына қатысын білдірсе (көне евр. караим «оқитындар» – тек қана жазылған заңды Библияны білетіндер), кейін бұл оларға этноним ретінде таңылған. Халықтың өз атауы – қарай, қарайлар,  – деп жазады Д.Төлебаев «Түркі тілдері» кітабына сілтеме жасап.
Қарайым тілі түркі тілдерінің қыпшақ (солтүстік-батыс) тобының батыс-қыпшақ бұтағына жатады. Литваның (Вильнюс, Паневежис) және Украинаның (Евпатория, Феодосия, Симферополь, т.б.) қалаларында, сондай-ақ Польша мен басқа елдердің кейбір қалаларында таралған. 1989 жылғы санақ бойынша КСРО-дағы қарайымдардың саны 2600 адамды құраған. Олардың 21 пайызы қарайым тілін меңгерген. Қазіргі қарайым тілінің қызметі егде жастағы қарайымдардың тұрмыстық қарым-қатынаста қолдануымен шектеледі. Қарайым тілінде сөйлейтіндер екі, үш тілді меңгерген. Олар Литвада қарайым тілінен басқа литва, орыс, бір бөлігі – поляк, Украинада – украин, орыс, Польшада – поляк тілдерін біледі. Жастар қарым-қатынаста қарайым тілін қолданбайды. Әдеби тілі жоқ. ХХ ғасырдың 40-шы жылдарына дейін жарияланған діни және ақсүйектік мазмұндағы шығармалар жоғарыда аталған диалектілерде жарық көрген.
Қарайым тілінің диалектілері қарайым­дардың бір бөлігі қазіргі батыс аймақтарға қоныстанған кезеңнен, яғни ХІV ғасырдан кейін қалыптасқан. Қырым диалектісі туыстас қырым татарларының тілімен тығыз байланыста дамығанда, батыс диалектілері туыстас түркі тілдерінен қол үзіп, бөгде ортада дамыды.
Тұрмыста ең қажетті сөздерді қамтитын негізгі сөздік қор – түркі сөздері: Т. киши, Г. киси «кісі», Т. баш, Г. бас «бас», қой «қой», Г. ак, Т. ах «ақ», бар – «бар» және т.б. Дін арқылы енген көне еврей сөздері де ұшырасады: адонай «құдай», аван «күнә», ғалут «қуу» және т.т. Қарайымдардың мұсылман әлемімен байланысына дәлел болатын көптеген араб, парсы тілдерінен енген сөздер бірқатар түркі тілдеріне ортақ болып келеді: курбар «құрбан», ресим «рәсім», захмет «еңбек», азат «азат», бахт «бақыт», моғор «мөр» және т.б. Орыс, поляк, беларусь, украин сөздерінің көптеп ене бастауы ХV ғасырдан (батыс қарайымдардың қазіргі аймақтарға қоныс аударған кезеңі) басталады: але «бірақ» (пол.), боб, черем (ор., пол.), осмак (пол.) «монета», вишня, стан және т.б. Литва сөздері литвалық қарайымдардың тілінде кездеседі: грибос «саңырауқұлақ», пелунас «жусан» және т.б.

Ал Қарайым тіліндегі мына әнді тыңдап отырып түбір бір түркі тілінің әліде сол жұрнағын жоғалтпағанын білеміз.

“The Qazaq Times”